Қазақстан үшін 2018 жыл мен 2019 жылдың бастапқы үш айы стратегиялық маңызы бар бірқатар экономикалық реформалардың жүргізілуімен, халықаралық аренадағы ірі жетістіктермен және еліміздің ішкі саяси өміріндегі әлем қоғамдастығының қызығушылығын тудырған елеулі өзгерістермен есте қалды.
Бұл Мемлекет басшысының әдеттегідей тығыз әрі барынша қарқынды жұмыс кестесінің мазмұнында көрініс тапты.Осы кезеңде шет елдерге және өңірлерге барған жұмыс сапарларын, түрлі отырыстар мен кеңестерді, халықаралық және республикалық форумдарды, конференциялар мен съездерді, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдауды, жұртшылық пен еңбек ұжымдарының өкілдерімен кездесулерді, өндірістік кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап көруді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен бұл кезеңде 700-ден астам протоколдық іс-шара болып өтті.
Мемлекет басшысы ел дамуының кең ауқымды мәселелері бойынша 18 кеңес, Үкіметтің және «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырыстарын, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамын басқару кеңесінің отырысын өткізді.
Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың желісі бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің 6 отырысы және Шетелдік инвесторлар кеңесінің 1 отырысы өтті.
Аталған кезең ішінде Президент үш рет Парламент отырысына қатысты, сондай-ақ палаталардың төрағаларымен және парламенттік фракциялардың жетекшілерімен бірнеше рет кездесіп, депутаттық корпуспен тұрақты байланыста болды.
Мемлекет басшысы еліміздің өңірлеріне 19 жұмыс сапарымен барды, онда ел өңірлері мен республикалық маңызы бар қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыланды. Бұдан бөлек, Президент Астана қаласы бойынша да тұрақты негізде жұмыс сапарларына шығып тұрды.
Екіжақты қарым-қатынастар аясында шетелдерге жасалған 8 сапарды, сондай-ақ 10 мемлекетаралық саммит пен 5 халықаралық форумды қоса алғанда, Президенттің қатысуымен 100-ден астам халықаралық сипаттағы кездесулер мен іс-шаралар өтті.
Н.Ә. Назарбаев 3 баспасөз конференциясын, 9 брифинг өткізіп, еліміздің және шетелдің БАҚ өкілдеріне 11 сұхбат берді, 7 бейнеүндеу жасады. Бұдан басқа, қараша айында Қазақстанның орталық газеттерінде Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаласы жарияланды.
2018 жылғы 1 қаңтар мен 2019 жылғы 19 наурызға дейінгі кезеңде Президент 107 заңға, 271 жарлыққа, 64 өкімге және 20 кеңес хаттамасына қол қойды, 1672 қызметтік құжат пен азаматтардың 270 өтінішін, 3,5 мың талдамалық және ақпараттық-анықтамалық материалдарды қарады, мұның өзі тұтас алғанда 5 мыңнан астам құжатты құрады.
Осы кезеңде Мемлекет басшысы жалпы алғанда 62 күн, соның ішінде 31 күн шет елдерде, 31 күн Қазақстан өңірлерінде іссапарда болды.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Қазақстанның елордасын Астана қаласына көшірудің 20 жылдық мерейтойын атап өту елдің ішкі саяси өміріндегі жалпыұлттық мәні бар аса маңызды оқиғаның бірі болды.
Жүргізілген кең ауқымды дайындық жұмыстарының нәтижесінде елорданың мерейтойы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде атап өткізілді. Мерекелік іс-шаралар Елбасының 2018 жылғы 4 шілдеде «Атамекен» этномемориалдық кешені аумағында Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысып, қазақстандықтарды алдағы мерейтоймен құттықтаған сәтінен басталды. Мереке күндерінде Президент Астананың бірқатар көпшілік тамашалайтын орындары мен елордаға Қазақстанның өңірлері сыйға тартқан нысандарды аралап көрді.
2018 жылғы 6 шілдеде Н.Ә. Назарбаев Астананың іргесін алғаш қалаған азаматтармен кездесіп, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттерімен бірге Тәуелсіздік сарайындағы салтанатты жиынға қатысты. Онда Президент Қазақстанның жаңа елордасын салуға және оны өркендетуге аталысқандардың бәріне алғыс айтты.
Астананың мерейтойлық жылы Президенттің қатысуымен өткен бірқатар маңызды іс-шараларға толы болды. Бұл шаралар қазақстандықтардың игілігіне айтарлықтай әсер етті.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған осындай оқиғалардың ішінен Парламент палаталарының 2018 жылғы наурыз айындағы бірлескен отырысында Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін ерекше атап өтуге болады. Тұрғын үй алудың жаңа мүмкіндіктері, еңбекақысы төмен қызметкерлердің жалақысын арттыру үшін салық ауыртпалығын төмендету, жоғары білімнің қол жетімділігі мен сапасы және студент жастардың тұрғын жайын жақсарту, шағын несие алушылар аясын кеңейту, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету тәрізді елімізді одан әрі әлеуметтік жаңғырту жөніндегі бес бағыттың бәрі қызу қолдау тапты және әлі де көп уақыт бойы азаматтардың жіті назарында болары анық. Атап айтқанда, Елбасы ұсынған «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының арқасында көптеген қазақстандықтар үшін едәуір қолайлы жағдайда ипотекалық несие алудың нақты мүмкіндігі пайда болды.
Н.Ә. Назарбаев «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген тақырыппен 2018 жылғы сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Әлеуметтік бірлік саясаты – біртұтас Ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Біз сыртқы жағдайларға қарамастан, бес жаңа жобаны жүзеге асыруды бастадық. Бұл қаржымыздың және ресурстарымыздың көптігіне байланысты болып отырған жоқ. Керісінше, қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға тың серпін беруді көздеген шынайы ниетімізге байланысты іске асуда», – деп атап өтті.
Мемлекет басшысының төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің 2018 жылғы 1 маусымда болған кеңейтілген отырысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруға қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселесіне арналды. Оның қорытындысы бойынша Президент Қазақстандағы көшбасшы саяси күш және оны жаңғыртудың сенімді тірегі ретінде «Нұр Отан» партиясының ұстанымдарын нығайтудың маңызды екенін атап өтті.
2018 жылғы қыркүйек айында Парламенттің алтыншы шақырылымының кезекті IV сессиясының ашылуында Елбасының депутаттық корпуспен кездесуі «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру жөніндегі кешенді іс-шараларды тиімді заңнамалық қамтамасыз ету мәселесіне арналды.
Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық мақсат Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазанда жария етілген «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арналған жолдауында одан әрі жалғасын тапты. Онда ол халықтың табысы мен тұрмыс сапасын жақсартуға, өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасауға, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, әрбір қазақстандықтың елімізде жүзеге асып жатқан өзгерістер үдерісіне атсалысуын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды әлеуметтік бастамалар ұсынды. Мәселен, Президенттің 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе көтеру жөніндегі тапсырмасы қазақстандықтар арасында қызу қолдау тапты.
Қазақстан мұғалімдері Мемлекет басшысының 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу жөніндегі тапсырмасын да ықыласпен қарсы алды. Осыған орай, соңғы екі жылда білім және ғылым жүйесін бюджеттен қаржыландырудың жалпы көлемі 22% артқанын айта кеткен жөн.
Елбасы білім саласы ұлтымыздың стратегиялық ресурсы саналатынын ескере отырып, жыл ішінде «Ұлы дала мұрагерлері» атты форумға қатысты және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесті. Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау жөніндегі бастамасының 25 жылдығы айтулы дата болды. Бұл бастама жүзеге асырылған жылдарда 13 мыңнан астам қазақстандық жас әлемнің әйгілі университеттерінде білім алып келіп, еліміздің игілігі жолында еңбек етуде.
Мемлекет басшысы 2018 жылғы қарашада Қазақстанның VIII Азаматтық форумында Үкіметтік емес сектордың әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылуына қоғамдық бақылау жасау ісіне белсене қатысуының қажеттілігін атап өтіп, Үкіметке мұны Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу барысында ескеруді тапсырды. Бұдан бөлек, Елбасы жастар саясатын жүзеге асыру ісінде ҮЕҰ рөлін арттырудың қажеттігін айтты. 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланғанын ескерсек, мұның да маңызы ерекше.
Н.Ә. Назарбаев жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің қажеттігі туралы 2018 жылғы қарашада Астана қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта болған кезінде және қайта құрылған «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық ұйымының тәрбиеленушілерімен кездесуінде айтты.
Алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасына ерекше мән берілген. Қазақ әліпбиінің латын қарпіне негізделген нұсқасын бекіту, «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітаптардың алғашқы партиясын басып шығару, Ұлттық домбыра күнін белгілеу – аталған бағдарламаны жүзеге асыруды көздеген нақты қадамдар болды.
Президенттің мерзімдік баспасөзде 2018 жылғы қараша айында жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қисынды жалғасы саналады. Мазмұнының тереңдігі мен идеясының жаңалығына, сондай-ақ Елбасының өткеннің мұрасын шығармашылық ой елегінен өткізу, біздің халқымыздың өркениетке қосқан үлесіне лайықты баға беру жөніндегі ұсынысына орай мақала Қазақстан қоғамы және шетелдік аудитория тарапынан зор қызығушылық туғызып, кеңінен талқыланды.
Халықтың тарихи-мәдени зердесін жандандыру және рухани жаңғыру мәселелері бойынша Президент 2018 жылы және 2019 жылдың басында халық жазушысы Ә.К. Нұрпейісов, ақын әрі қоғам қайраткері О.О. Сүлейменов, мемлекет және қоғам қайраткері М.Ж. Жолдасбеков, халық әртістері Ю.Б. Померанцев, Д.Қ. Жолжақсынов және Ә.М. Дінішев, «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық халықтық-этнографиялық оркестрінің жетекшісі Д.Н. Тілендиева сияқты бірқатар мәдениет қайраткерлерін қабылдады.
Елбасы күрделі халықаралық жағдайда мемлекетіміздің тұрақтылығы мен оның егемендігінің мызғымастығын қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып, осы кезеңде ұлттық қауіпсіздігіміз бен қорғаныс қабілетімізді нығайту жолында дәйекті бағдар ұстанды.
2018 жылғы шілде айында «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңның қабылдануы айтулы оқиға болды. Бұл құжат Қазақстан Президенті құратын Қауіпсіздік Кеңесінің елдің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясаттың жүргізілуін үйлестіріп отыратын конституциялық орган ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындап берді.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарының бірінде, қауіпсіздіктің жалпы мәселелерімен қатар, қоғамда кең резонанс туғызған электр және жылу қуаттарының қолданыстағы тарифтерін қалыптастыру, энергетикалық қызметтер нарығында бағалардың түзілуіне бақылау жасауды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар қызметінің проблемалары да көтерілгенін айта кеткен жөн.
Елбасы 2018 жылғы мамыр айында Астанада V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылуына қатысты, онда әлемнің 28 елінен келген 318 кәсіпорын өз өнімін көрсетті.
Президент 2018 жылғы 7 мамырда Отан қорғаушы күніне орай Жамбыл облысының Гвардейский кентінде өткен әскери парадқа қатысты. Парадта 3 мыңға жуық әскери қызметші далалық жағдайда ұрыс жүргізу шеберлігін, атыс кезіндегі мергендіктері мен жауынгерлік машықтарын көрсетті. Оған 300 қару-жарақ пен әскери техника, 40 ұшу аппараты тартылды.
Мемлекет басшысының қазан айындағы Жолдауында және ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту мәселелері жөніндегі 2018 жылғы қараша айындағы арнаулы кеңесте тиімді құқық қорғау жүйесінсіз мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мүмкін еместігіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ішкі істер органдарының құрылымы мен штатын оңтайландыру, оларға тиесілі емес қызметтерді алып тастау, үнемделген қаржыны еңбекақы төлеу жүйесін, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын жақсартуға жұмсау, жұмыстың сервистік моделіне көшу және полиция қызметін бағалаудың жаңа өлшемдерін енгізу тапсырылды.
Құқық тәртібін қамтамасыз ету еліміздегі құқық үстемдігін сақтаумен тығыз байланысты. Осыған орай, Н.Ә. Назарбаев сот жүйесін жаңғыртуға бағыт-бағдар берді. Ол сот жүктемесін төмендету, азаматтық процесті жеңілдету, сот өндірісінің жеделдігі мен ашықтығын арттыру, сот өндірісі мен электрондық сервистер қызметінде жаңа форматтарды дамыту, сондай-ақ сот ғимараттарында фронт-офистер ашу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Елбасы құқық жүйесін жетілдіру жөнінде айта келе, елімізде сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жүргізу жалғаса беретінін айрықша атап өтті. Осыған орай, ол халыққа қызмет көрсету жүйесін одан әрі жетілдіру, қарамағындағы қызметкерлер жемқорлыққа байланысты тәртіп бұзушылық жасаған жағдайда, бірінші басшылардың дербес тәртіптік жауапкершілігін арттыру жөнінде тапсырмалар берді.
Қазақстан тәуелсіздігінің 27 жылдығын бүкіл халық болып мерекелеу 2018 жылдың айшықты саяси мәресі болды. Осы айтулы оқиғаның қарсаңында Президент елдің дамуы мен өсіп-өркендеуіне айрықша еңбек сіңірген қазақстандықтардың үлкен бір тобына салтанатты жағдайда мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыс етті. Марапатталушылар қатарында көрнекті ғылым және мәдениет, өнер, білім беру, денсаулық сақтау саласының қайраткерлері, кәсіпкерлер, өндірісшілер, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, еңбек ардагерлері, спортшылар мен мемлекеттік қызметшілер болды.
2019 жылдың бастапқы айлары елеулі мәні бар бірқатар оқиғалармен ерекшеленді.
Мемлекет басшысы 23 қаңтарда Астанадағы «Нұр Әлем» ғимаратында өткен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Ол өз сөзінде Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға жас қазақстандықтарды қолжетімді әрі сапалы білім, жұмыс, тұрғын үй және отбасы құру жөніндегі маңызды қажеттіліктермен қамтамасыз етуді көздейтін нақты қолдау шараларын қамтитын арнаулы Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Жастар жылы аясында өткізілген маңызды іс-шаралар қатарында Президенттің «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылармен 2019 жылғы 13 ақпандағы кездесуі айрықша орын алады.
Конкурсқа қатысушылардың жетістіктерін айта келе, Мемлекет басшысы жастардың өздерін жетілдіру және кәсіби тұрғыдан кемелдену үшін мүмкіндіктері мен уақытын тиімді пайдалануының маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігін нығайту жолында жастардың әлеуетін іске асыру қажеттігіне айрықша тоқталды.
Тағы бір маңызды саяси оқиға Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен 2019 жылғы 27 ақпанда Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Hұp Отан» партиясының XVIII съезі болды. Партияның 20 жылдығына орайластырылуы съездің маңыздылығын арттыра түсті.
Өз сөзінде Елбасы Қазақстанның өткен жылдардағы жетістіктерін еске салып, партияның елде болған барлық оң өзгерістердегі рөлін айрықша атап өтті. Оның айтуынша, партия қоғам өміріне барынша кеңінен атсалыса беруге тиіс. Ол бұл ретте партия мүшелерін халықтың күнделікті мәселелерін шешуге белсене араласуға шақырды. Азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға Ұлттық қордан қаражат бөлінетінін жария еткен Президент әлеуметтік саясатты одан әрі жүзеге асырудың негізгі бағыттарын белгілеп берді және оны іске асыруға партияның белсене қатысуы қажеттігін айтты. «Біздің басты басымдығымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту», – деді Мемлекет басшысы.
Партия форумының негізгі қорытындысы «Нұр Отанның» «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасының бекітілуі болды.
2019 жылғы 19 наурызда Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, Президент ретіндегі өкілеттігін 2019 жылғы 20 наурыздан бастап мерзімінен бұрын тоқтататындығын мәлімдеді.
Қазақстандықтарға арнаған сөзінде Елбасы: «Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім», – деді.
Бұл ретте Н.Ә. Назарбаевтың мәлімдемесінде оның Қазақстан заңнамасына сәйкес Тұңғыш Президент – Елбасы мәртебесін иелене және Қауіпсіздік Кеңесінің, «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі бола отырып, мемлекетіміздің өміріне атсалыса беретіні айтылды.
Елбасы: «Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады», – деді.
Үндеуін аяқтағаннан кейін Н.Ә. Назарбаев 2019 жылғы 20 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін атқаруды тоқтататыны туралы Жарлыққа қол қойды. Ел Конституциясына сәйкес, аталған өкілеттіктер қалған мерзімге Қазақстан халқына ант берген мезетінен бастап Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Қ.К. Тоқаевқа көшеді.
2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Конституциялық кеңес мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Үкімет мүшелері қатысқан ел Парламенті палаталарының бірлескен отырысы барысында Қ.К. Тоқаев ант беріп, Қазақстан Республикасының Президенті лауазымын атқаруға кірісті.
Рәсімге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қ.К. Тоқаев тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы, сондай-ақ елорда – Астананың салынуындағы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегін айрықша атап өтті. Бұл ретте елдің жаңа Президенті алдағы уақытта да Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз ете беретінін айтты.
Рәсім барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» тапсырылды.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Әлемдік шаруашылық жүйесінің құбылмалылығына және қолайсыз сыртқы конъюнктураға қарамастан, Қазақстан экономикасы өзінің тұрақтылығы мен бекемдігін көрсетті. Ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігінің әлемдік шкаласындағы Қазақстан позициясының жоғарылауы осының жарқын дәлелі болды. Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінің нәтижелері бойынша біздің еліміз соңғы 11 жылда өз рейтингін 36 сатыға жоғарылатып, 190 мемлекет арасынан 28-ші орынға тұрақтады.
2018 жыл мен 2019 жылдың басындағы экономикалық іс-шаралар күнтізбесі Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арналған жыл сайынғы Жолдауымен ашылды. Бұл құжат 10 қаңтарда жарияланды. Қазіргі заманда болып жатқан жаһандық технологиялық өзгерістер Қазақстанға әлемнің озық дамыған елдерінің қатарына тезірек ену үшін тарихи мүмкіндік беріп отырғаны туралы тезис Елбасы жолдауының басты тұжырымына айналды. Осыған байланысты, ол экономиканы, әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқару ісін дамытудың маңызды бағыттары бойынша он негізгі міндетті айқындап берді.
Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы міндеттерді нақтылау мақсатымен 2018 жылғы ақпан айында Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда ол бұрын қабылданған бағдарламалық құжаттарды жүзеге асырудың тиімділігін арттыру және бөлінген бюджет қаражатын пайдалану қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ, цифрландыру бағдарламасының мақсаттарын түсіндіру, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруді азайту мәселелеріне баса мән берілді.
Мемлекет басшысы 2018 жылғы мамырда жария түрде қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң елімізде бизнесті дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасауға қызмет етеді. Бұл заң бизнес шығындарын жаппай төмендету және бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды алып тастау жөніндегі шараларды қамтиды.
Елбасы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бизнеске қолайлы ортаны қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқаратынын ескеріп, 2018 жылғы сәуірде осы қорды басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Онда ол атқарылар істерді әрі қарай жүзеге асыру үшін айрықша бақылауды қамтамасыз етуді тапсырып, Холдингті дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған жаңа стратегиясы мен Қорды трансформациялау бағдарламасын бекітті.
Н.Ә. Назарбаев «Теңізшевройл» ЖШС-нің 25 жылдығына орай өткен салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде осы компанияның қызметін өнімділік пен тиімділікті арттыратын қазіргі заманғы цифрлық және инновациялық технологияларды енгізудің табысты үлгісі ретінде атап көрсетті. Оның «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2018 жылғы қарашада құрылған Астана қаласындағы «Astana Hub» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркінің ашылу салтанатына қатысуы да маңызды болды.
Сонымен қатар, Президент 2018 жылғы шілдеде жаңа технологиялар нарығын қаржыландырудың жүйесін жетілдіруге бағытталған венчурлық қаржыландыру туралы заңға қол қойды.
Елбасы қазіргідей күрделі кезеңде инновациялық жобаларды қаржыландыруға көңіл бөліп, қаржы секторын дамыту мәселелерін ұдайы назарда ұстады. Бұл жерде оның 2018 жылғы сәуірде Ұлттық банктің есебін тыңдағанын айта кеткеніміз жөн. Соның барысында ол банктер жүйесіне мемлекеттік қолдау көрсеткен кезде қаржы институттарының қызметіне реттеуші тарапынан бақылауды күшейту қажеттігіне баса мән берді.
Елорда мерейтойы қарсаңында Н.Ә. Назарбаевтың «Астана» халықаралық қаржы орталығын ашу және таныстыру рәсіміне қатысуы елдің қаржы секторын дамытудағы айтулы оқиға болды. Осы салтанатты іс-шаралар барысында Қазақстанда инновациялық қаржы технологияларын дамыту мен ілгерілету үшін қолайлы экожүйені қалыптастыруға бағытталған бірқатар жобалар көрсетілді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2018 жылғы 14 қарашада АХҚО биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастау рәсіміне қатысуын елеулі іс-шара ретінде ерекше айтуға болады. Елбасы шараға қатысушыларға арнаған сөзінде бұл рәсімнің қаржылық дербестігіміздің бастауы болған Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің қолданысқа енгізілуінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуінің символдық мәні зор екенін атап айтты. Президент биржаның жұмысын бастап беріп, оның алдына капитал тарту, мемлекеттік және корпоративтік құнды қағаздар шығару ісінде халықаралық деңгейдегі тұғырнамаға айналу сияқты өршіл міндеттер қойды.
Елбасы Қазақстанның осындай жаһандық жобаларды қолға алғанын ескеріп, халықаралық экономикалық ынтымақтастыққа да әдеттегідей зор мән берді. Осыған орай, Н.Ә. Назарбаев ХІ Астана экономикалық форумы мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің ХХХІ пленарлық отырысының мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдаланды.
Ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде маңызды рөл атқаратын халықаралық экономикалық іс-шараларды өткізу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне де баса мән берді.
Астананың мерейтойы болған 2018 жылы Президент бірқатар кеңестер өткізіп, онда елорданы одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, қала құрылысы және оны абаттандыру, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту, шаһардың инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени нысандарын салу, сондай-ақ Астананың «жасыл белдеуін» дамыту жөніндегі жобаларды іске асырудың барысына айрықша назар аударылды.
Елбасының 2018 жылғы 19 маусымда «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жарлыққа жария түрде қол қоюының тарихи маңызы зор болды. Мемлекет басшысы қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі», – деп атап өтті. Бұл ретте жаңадан құрылған Түркістан облысының жаңа әкімшілік функцияларды сапалы іске асыруы үшін барлық мүмкіндіктері бар екендігіне ерекше назар аударылды.
Н.Ә. Назарбаев осы жаңа бастаманы нақты іске асыру үшін 2018 жылы Астанада Түркістан қаласын дамыту мәселелері бойынша екі кеңес, сондай-ақ өзінің осы өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары барысында Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша екі өңірлік кеңес өткізді. Елбасы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың басқа облыстарда іске асыру мәселелерін ақпан айында әкімдермен өткізген арнайы кеңесте, сондай-ақ өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары кезінде қарастырды.
2018 жылғы желтоқсанда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Индустрияландыру күніне арналған» телекөпір өткізілді. Осы іс-шара барысында Н.Ә. Назарбаев Индустрияландыру картасының жаңа 28 жобасының таныстырылымына қатысып, «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттап, бизнеспен айналысуға мейлінше қолайлы жағдай жасағаны үшін өңірлердің басшыларына награда тапсырды.
Мемлекет басшысының төрағалығымен 2019 жылғы 30 қаңтарда елдің 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына және 2019 жылғы міндеттерге арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысы болды. Сол күні ол облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кеңес өткізді.
Өз сөзінде Н.Ә. Назарбаев негізгі көрсеткіштердің оң қарқынын атап өтті. Мәселен, экономикалық өсім 4%-тен жоғары, саудада – 7,6%, көлік саласында – 4,6% болып, өнеркәсіпте 4%-тен асқан.
Алайда, макроэкономикалық параметрлердің жақсарғанына қарамастан, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында үнемі қайталанатын түйткілдер бары байқалды. Үкімет пен Ұлттық банк экономиканың сапалы өсімі үшін нақты ынталылық пен қажетті тетіктерді жеткілікті деңгейде қалыптастыра алмады. Бұдан бөлек, жүйелі жұмыстың болмауынан және атқарушы органдардың формальды көзқарасы салдарынан азаматтардың нақты кірістері артпады, отбасылар бюджетінде азық-түлікке жұмсалатын шығыс мөлшері өсіп кетті, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмады.
Мұндай ахуал Президент тарапынан үзілді-кесілді және кешіктіруге болмайтын әрекетке көшуді талап етті. Осыған байланысты ол 2019 жылғы 21 ақпанда Үкіметті отставкаға жіберу қажетігі жөнінде мәлімдеме жасады.
2019 жылғы ақпанның соңында жаңа Үкімет жасақталып, оның алдына Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру, индустриялық бағдарламаны орындау аясында отандық өндірісті дамыту, құқық қорғау және сот жүйесіндегі реформаларды аяқтау жөнінде міндеттер қойды. Мемлекет басшысының басты нұсқауының бірі Үкіметтің «әлеуметтік бағытқа» бейімделуі болды. Қазақстан азаматтарының өмірлік маңызы бар мәселелерін оңтайлы шешу үшін халықтың аса мұқтаж санаттарындағы адамдардың бәріне әлеуметтік қолдау көрсету шаралары енді мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтары қатарынан айрықша орын алуға тиіс.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Қазақстан халықаралық байланыстарды нығайту және әлемдегі түрлі дау-жанжалдарды шешу жөніндегі теңгерімді әрі көпсалалы сыртқы саясатын жалғастыра түсті. Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметі – соның жарқын дәлелі.
Қазақстан 2018 жылғы қаңтарда өз тарихында тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы міндетін атқарды. Осы қызметте біздің мемлекет жаппай қырып-жоятын қару-жарақты таратпауға, халықаралық қоғамдастықта сенім шараларын нығайтуға, терроризмге қарсы іс-қимылға, Таяу Шығыс өңіріндегі, Солтүстік Африка мен Ауғанстандағы ахуалға, Орталық Азияның мүдделерін ілгерілетуге қатысты консультациялар, брифингтер мен дебаттар форматында 30-ға жуық отырыс өткізді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету барысындағы басты іс-шараларымыздың бірі – 2018 жылғы 18 қаңтарда Нью-Йорк қаласында Қазақстан Президентінің төрағалығымен өткен «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» деп аталатын тақырыптық брифинг. Оның қорытындылары бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының шиеленістерді болдырмау және өңірлік деңгейдегі алдын алу дипломатиясы жөніндегі бірегей мәлімдемесі қабылданды. Бұл Қазақстанның бастамасымен әзірленген және қабылданған әрі Қауіпсіздік Кеңесінің саяси міндет жүктейтін алғашқы халықаралық актісі саналады.
Қазақстанның сыртқы саяси қызметте алдын алу дипломатиясының тәсілдерін табысты қолдануы Сириядағы қақтығысты реттеу ісінде де прогреске қол жеткізуге негіз болды. Мәселен, Сириядағы қақтығысты ретке келтіру жөніндегі Астана алаңы барлық мүдделі тараптар келіссөздер жүргізіп, барлық бағыттар бойынша нақты қадамдарды келісе алатын тұғырнама ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Бұл жөнінде Сирия бойынша Астана процесіне кепілдік беруші елдердің (Ресей, Түркия және Иран) сыртқы істер министрлері мәлімдеді.
Сирия қақтығысына байланысты тікелей Қазақстанның мүддесіне әсер еткен елеулі оқиғаның бірі 2019 жылғы 6 қаңтарда біздің ел азаматтарының Сириядан эвакуациялануы бағытындағы гуманитарлық операцияның аяқталуы болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізілген операция нәтижесінде 47 қазақстандық Отанына оралды. Елбасы айтқандай, «Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсетеді. Біздің негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз».
Сондай-ақ, шетелдермен көпсалалы табысты ынтымақтастық та Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін бекемдеуге және нығайта түсуге ықпал етті.
Стратегиялық серіктесіміз Ресеймен көпқырлы өзара іс-қимылдың арқасында 2018 жыл мен 2019 жылдың басы екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейде дамуымен есте қалды. Жыл ішінде Н.Ә. Назарбаев Ресей Президенті В.В. Путинмен екіжақты және көпжақты басқосулар аясында бірнеше рет кездесті. Сол кездесулер барысында түрлі форматтағы Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының негізгі бағыттары, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстан Президентінің 2018 жылғы қарашада Ресей көшбасшысымен бірге Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының дәстүрлі XV форумына қатысуы – екіжақты қарым-қатынастардағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Туризм саласындағы қатынастарды дамытудың алдағы перспективаларына арналған форум аясында 6 үкіметаралық, 31 өңіраралық және коммерциялық келісімдерге қол қойылды.
Орталық Азия елдерімен де ынтымақтастығымыз табысты дами түсті.
Өзбекстан Президенті Ш.М. Мирзиеевтің Қазақстанға үш сапары және Н.Ә. Назарбаевтың наурыздағы Самарқанд қаласына жұмыс сапары осы елмен өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға және оған тың серпін беруге бағытталған 2018 жылғы елеулі оқиға болды. Ш.М. Мирзиеевтің 2018 жылғы наурыз айында Астанаға сапары кезінде екі ел президенттері Қазақстандағы Өзбекстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жалпы, 2018 жылы Қазақстан Президенті Өзбекстан Президентімен түрлі басқосуларда оннан астам кездесу өткізді.
Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері С.Ш. Жээнбеков пен Э.Ш. Рахмонның Қазақстанға 2018 жылғы наурыз айындағы және Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуге байланысты шілде айындағы сапарлары Орталық Азиядағы көршілерімізбен екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға оң әсер етті. Қазақстан Президентінің Түрікменстан Президенті Г.М. Бердімұхамедовпен 2018 жылғы тамыз айында Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының Түрікменбашы қаласындағы отырысы кезінде және Ақтау қаласында ұйымдастырылған Каспий маңы мемлекеттері V саммиті аясында өткен келіссөздерінің маңызы зор болды.
2018 жылғы наурызда Астана қаласында өткен Орталық Азия елдері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі өңірлік ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне ерекше серпін берген маңызды оқиғаға айналды. Бұл басқосу бесжақты ынтымақтастықтың басымдықтары мен болашаққа арналған жоспарларды айқындап берді.
Каспий маңы мемлекеттерімен ынтымақтастық саласында көптен күткен зор серпіліс болды. 2018 жылғы тамызда Ақтау қаласында өткен Каспий маңы мемлекеттері V саммитінің қорытындысы бойынша ширек ғасыр бойы келісілмей және қабылданбай келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Осы тарихи құжатқа қол қою кезінде Н.Ә. Назарбаев «Конвенция Каспий теңізінің өзіндік конституциясы саналады. Бұл құжат теңіз жағасындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне қатысты барлық кешенді мәселелерді реттеуге, сондай-ақ, өңірдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға бағытталған», – деп атап өтті.
Қазақстанның Азия бағытындағы қарым-қатынастары да серпінді әрі табысты дамыды.
Бұл орайда, Қытай Халық Республикасымен өзара қарым-қатынас Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтарының бірі болып қала берді. Қазақстан Президентінің 2018 жылғы маусым айындағы Қытайға мемлекеттік сапары басты оқиға болды. Сапар барысында ол ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен және осы елдің басқа да басшыларымен, сондай-ақ Қытайдың іскер топтар өкілдерімен кездесулер өткізді.
Қазақстан дипломатиясының басымдықтары сондай-ақ, Азияның басқа да бірқатар ықпалды мемлекеттерімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Атап айтқанда, Н.Ә. Назарбаевтың қыркүйекте Түркияға ресми сапары барысында осы елдің Президенті Р. Ердоғанмен және «түрік бизнесінің капитандарымен» мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер жүргізілді. Қазақстан көшбасшысының 2018 жылғы наурыз айындағы Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары кезінде екі елдің ынтымақтастығын одан әрі тереңдете түсудің кең ауқымды мәселелері талқыланды.
Қазақстанның еуроатлантикалық бағыттағы байланыстары қарқынды әрі жемісті дами түсті.
Мәселен, Америка Құрама Штаттарымен арадағы өзара қарым-қатынас айтарлықтай жанданды. Елбасының 2018 жылғы қаңтар айындағы АҚШ-қа ресми сапары Қазақстан – Америка серіктестігін ілгерілетуге тың серпін берді. Қазақстан Президентінің АҚШ Президенті Д. Трамппен сенімділік жағдайында өткен келіссөздеріне, сондай-ақ оның осы елдің басқа да билік өкілдерімен кездесулерінің нәтижелеріне америкалық және әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері ерекше назар аударды. АҚШ-қа сапардың қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ-тың стратегиялық серіктестігін кеңейту туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Қазақстан басшысының 2018 жылғы қазан айындағы Финляндияға ресми сапары Еуропа бағытындағы байланыстарды жандандыру жолындағы маңызды оқиға болды. Сапар барысында Н.Ә. Назарбаевтың осы елдің Президенті С. Ниинистемен табысты келіссөздері өтті. «Шығыс – Батыс» желісі бойынша өрбіген текетірес жағдайында Қазақстан Президентінің қазан айындағы Бельгияға сапары аясында «Азия – Еуропа» форумының ХІІ саммитіне қатысуының маңызы зор болды. Осы саммит аясында ол Ресей, АҚШ, Қытай және Еуропа Одағы басшыларын диалогқа шақырып, өзекті проблемаларды талқылау үшін Астанадағы келіссөздер алаңын пайдалануды ұсынды.
Н.Ә. Назарбаев АСЕМ саммитіне сапары барысында Еуропа көшбасшылармен бірқатар табысты келіссөздер жүргізді. Әсіресе, Бельгия Королі Филиппен, Еуропа комиссиясының төрағасы Ж.-К. Юнкермен, Франция Президенті Э. Макронмен, Италия Премьер-министрі Д. Контемен және Еуропаның 20-дан астам ірі компаниялары мен қаржы институттарының басшыларымен болған кездесулерді ерекше атап өткен жөн.
Жалпы, Мемлекет басшысы 2018 жылы және 2019 жылдың бастапқы үш айында екіжақты қатынастар желісі бойынша 8 шетелдік сапар жасады, соның ішінде 1 мемлекеттік, 4 ресми және 3 жұмыс сапары болды. Атап айтқанда, ол мемлекеттік сапармен Қытайға, ресми сапарлармен – АҚШ-қа, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Түркияға, Финляндияға, жұмыс сапарларымен – Өзбекстанға, Ресейге, БАӘ-ге барды.
Қазақстанның халықаралық беделін нығайту ісінде Президентіміздің мемлекетаралық бірлестіктер мен халықаралық форумдар аясындағы байланыстарының маңызы зор болды.
Таяу шетелдермен өзара іс-қимыл желісі бойынша Қазақстан көшбасшысы бір жыл ішінде ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің екі отырысына, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің екі отырысына және ҰҚШҰ-ның бір саммитіне қатысты.
2018 жылғы қазан айында Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі Н.Ә. Назарбаевтың халықтар мен өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілету жөніндегі бастамасының нақты жүзеге асқанын көрсетті. «Дін көшбасшылары қауіпсіз әлем үшін» тақырыбына арналған форумға әлемнің 46 елінен 82 делегат келді және бұл 15 жыл ішінде дін өкілдері ең көп жиналған басқосу болды.
Тұтастай алғанда, 2018 жылы және 2019 жылдың бастапқы үш айында Қазақстан Президенті көпжақты ынтымақтастық аясында 10 мемлекетаралық саммитке: Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына, Каспий маңы мемлекеттерінің V саммитіне, Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің VІ саммитіне, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XV форумына, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына, ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне, сондай-ақ 5 халықаралық форумға: БҰҰ Қауіп¬сіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысына, ХІ Астана экономикалық форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне, «Азия – Еуропа» форумының ХІІ саммитіне және Астана клубының IV отырысына қатысты.
Мемлекет басшысы осы уақыт ішінде бірқатар шетелдік көшбасшыларды, көрнекті мемлекет, қоғам, саясат қайраткерлерін, халықаралық ұйымдар мен компаниялардың басшыларын, іскер топтардың өкілдерін елімізде қабылдап, сонымен қатар, олармен түрлі халықаралық басқосуларда кездесті.
Сондай-ақ Н.Ә. Назарбаев Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украина президенттерімен, Сауд Арабиясының Королімен телефон арқылы сөйлесті.
Қазақстан Президентіне 27 шет мемлекеттің, сондай-ақ Еуропа Одағының елшілері сенім грамоталарын тапсырды.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
2018 жыл мен 2019 жылдың бастапқы үш айының басты қорытындысы ретінде Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымындағы өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және оны елдің жаңа басшысына беру туралы шешімін айтуға болады.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бірегей және теңдессіз оқиғаға айналған бұл тарихи шешіміне қазақстандықтар мен әлем көшбасшылары жоғары баға беріп, оған сөзсіз қолдау көрсететіндерін білдірді. Елбасы жасаған маңызды қадам жаһан жұртшылығына біздің мемлекетте тиімді және теңгермелі саяси жүйе берік орныққанын және жалғасып жатқанын дәлелдеп берді. Бүкіл әлем Н.Ә. Назарбаев құрған мемлекетттік басқару жүйесінің елдегі табысты жаңғыру мен тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырғанына көз жеткізді.